
Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз

Лондонның жүрегіндегі қазақ тілі мен мәдениетіне арналған жаңа бастама
27/04/2024 – Лондон төрінде қазақ тілі мен мәдениетіне арналған жаңа бастама — қазақша сөйлеу клубының салтанатты ашылуы өтті. Бұл шара жергілікті қазақ қауымдастығы мен мен қазақ тіліне құштар жандарды бір арнаға тоғыстырды.
Ұлыбританиядағы Қазақ орталығының төрағасы Исмаил Кесіжі мен оның жұбайы Шолпан ханым сөйлеу клубының салтанатты ашылу барысында оның маңыздылығын баяндап, клубтың есігі тек қазақ диаспорасы үшін ғана емес, сонымен қатар барлық шетелдіктер үшін де ашық екенін айтты. Исмаил Кесіжі мырза осындай шаралар қазақ тілінің дамуына ғана емес, сонымен қатар Ұлыбританиядағы қазақ қауымдастығының ауызбіршілігі мен достық қарым-қатынасын нығайтуға ықпалдасатынын айтты. Шолпан ханым өз кезегінде Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолдау көрсету мақсатында жиналған қорға қаржы жинауға атсалысқан барлық адамдарға ризашылығын білдірді.
Қазақша сөйлеу клубының жетекшісі Әлия Қанатқызы әрі қарай клубтың мақсаттары мен жоспарларын таныстыра отырып, тіл білімінің дәрежесіне қарамастан, қазақ тілін үйренуге ниетті кез-келген адамды қатысуға шақырды. Оның жұбайы Стив мырза да сөз алып, қазақ тілін үйрену жолындағы өз тәжірибесімен бөлісті. Ол қандай да болмасын тіл үйренуде қиындықтар кездесетінін, бірақ оларға қарамастан өзі секілді үйренуді жалғастыра беруге кеңес берді.
Клубтың салтанатты ашылуында жиналғандарға қазақ мәдениетінің әр түрлі қырларын көрсету мақсатында Лондонда оқып жүрген отандастарымыз – жас студенттер Әмина Исағалиева «Сылқылдақ» биін билесе, ал Қымбат Мәдениетқызы Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін орындап қонақтарды тәнті етті. Мисс Кәусар есімімен танымал болған жас теледидар жүргізушісі Кәусар Ғалымжанқызы Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге, өнерпаз болсаң арқалан» өлеңін алдымен ана тілінде, одан кейін ағылшын тілінде мәнерлеп оқып, қонақтарды өнерімен баурап алды. Ұлыбританиядағы қазақ қауымдастығының бірлігін нығайтуға үлесін қосқан осы бір шараға Лондон қаласынан ғана емес, одан тысқары да Англияның Борнмут және Кембридж қалаларынан келген қазақтар да қатысты. Әлемдік жұлдыз Димаш Құдайбергеннің Біріккен Корольдіктегі фанклубының мүшесі Себи Дан ханым да клубтың ашылуына келіп фанклуб атынан жылы құттықтауларын жеткізді.
Қазақша сөйлеу клубының жиыны айына бір рет кездесіп отыратын болады. Жиын орны мен уақыты Қазақ Орталығының әлеуметтік желілерінде алдын-ала жарияланып отырады.
Барлық суреттерді фотограф Әйгерім Қали түсірген /@artistiqali on Instagram/









Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Создано на WordPress.com