
А.ж. 2 наурызда Наурыз мерекесі қарсаңында Уорик университетінің қазақ қауымдастығының ұйымдастыруымен және Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі мен жаңадан құрылған Ұлыбританиядағы Қазақ Орталығының қолдауымен Уорик Қазақ Балы өтті. Бұл әр жыл сайын 10 жылдан астам уақыттан бері өткізілуі дәстүрге айналған қазақ жастарының басын қосуға арналған шара.
Англияның Ковентри қаласында өткен бұл шара қазақи нақышта өткізіліп, ашылу салтанаты Қазақстанның әнұранымен және шашу дәстүрімен басталды.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов кештің ашылуында жастарға сәттілік тілеп, оларға оқуларын жақсы тәмамдағаннан кейін алған білімдері мен тәжірибелерін өз Отанында кәдеге жаратып, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.
Құрама Корольдіктің әр түкпірінен келген жастар қатысқан бұл кеште, Ұлыбританиядағы Қазақ мәдени орталығының жетекшілері қонақтарға орталықтың мақсаттары мен міндеттері, сондай-ақ алдағы уақытта өткізілетін шаралар жоспарымен бөлісті.
Балға келген өнерлі жастардың орындауында Құрманғазының «Адай», «Балбырауын» және Дәулеткерейдің «Көроғлы» күйлері күмбірлете тартылып, «Ауылым», «Махаббатым», «Sway» әндері шырқалды. Кеште кезек-кезек әртүрлі ойындар мен би жарыстары өткізіліп, жүлделер таратылды.
Уорик Қазақ Балы — қазақ жастарының бірлігін нығайтуға, Ұлыбританияда қазақ мәдениеті мен тілін ілгерілетуге үлес қосатын шаралардың бірі екені сөзсіз.
Балдан фотосуреттер:







Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Создано на WordPress.com