Батыс Қазақстанның тумасы Лондонда гүл бизнесін қалайша дамытып жүр?

Оның «қазақы жүрегі» Ұлыбритания астанасына
көрік берді

Мақала авторы: Татьяна Панченко, Forbes Kazakhstan сайтының бас редакторының орынбасары

Суретте: Бағдат Дускинова
Фотограф: Әйгерім Қали
Жалғастыру

21-27 мамырда Лондонда өткен Мәдени стиль фестиваліне (Cultural Style Week) келушілер қазақтың ұлттық ою-өрнегі бар жүрек пішінді гүл панносын тамашалады. Декор модельдік көрсетілімдер өткен орталық жолға қойылды.

Суретте: Мәдени стиль фестиваліне қатысқан қазақ қыздары
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)

Cultural Style Week – бұл кез-келген адамға сән мен стиль арқылы өз халқының мәдени мұрасын көрсуге мүмкіндік беретін платформа. Осы жылғы фестивальді Лондондағы Харингей ауданының (боро) мэрі Лестер Бакстон мен Медина және Сабрина есімді апалы-сіңлілі кішкентай қазақстандықтар ашты.

Суретте: Лондондағы Харингей ауданының мэрі Лестер Бакстон мен қазақстандық келген апалы-сіңлілі Медина мен Сабрина
(Харингей ауданының веб-сайтынан new.haringey.gov.uk)

Үлпілдек хризантема гүлдерінен жасалған “жүректі” осыдан екі жыл бұрын қазақстандық Бағдат Дускинова бастаған Chelsea Bloom Studio компаниясының флористтері дайындаған.
– Осы уақыт ішінде біз өз клиенттеріміздің пікірлеріне сүйене отырып, Лондондағы гүл бизнесінің сенімді және танымал брендтерінің біріне айналдық, – дейді Бағдат. – Біз клиенттеріміздің гүл шоқтарымызды алу үшін Лондонға тіпті Англияның басқа қалаларынан келетінін мақтан тұтамыз. Сондай-ақ бізде Америка мен Австралиядан бастап Африка мен Еуропаға дейін әртүрлі елдерден келіп, Лондондағы сүйіктілеріне гүл шоқтарын сыйлайтын клиенттердің де саны көп. Қазақстаннан да клиенттер бар. Бизнесте  ынтымақтастық орнатуға келсек, соңғы кезде қазақстандық компаниялардан франшиза бойынша ұсыныстар көптеп келе бастады.

Суретте: Chelsea Bloom Studio компаниясының клиенті
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)

Бағдат Орал облысының түкпірінде орналасқан Алғабас ауылында дүниеге келіп, Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетіне Топырақтану факультетін үздікпен тәмамдаған.
– Ландшафт дизайнын мен әлдеқашан университетте оқыған едім, – деп еске алады Бағдат. – Далалық тәжірибе кезіндегі табиғи пейзаждардың әдемілігі қиялыма шексіз ерік берді – табиғаттың өзінің түстер мен пішіндерді үйлестіру қабілетіне ештеңе де тең келмейді.
Жұбайының жұмысына байланысты Лондонға отбасымен көшіп барған Бағдат өзіне бұрыннан таныс салада жұмыс табуға шешім қабылдап, гүл компаниясына жұмысқа орналасты.
– Жұмыс барысында мен көп нәрсені үйрендім, Лондон нарығын түсіне бастадым. Бір жыл жұмыс істегеннен кейін мен өз компаниямды ашуға шешім қабылдадым, – дейді сұхбаттасушы. – Бизнесімді іс жүзінде нөлден бастадым. Алғашқы инвестициялар – бірнеше мың фунт – кеңсені жалға алуға, көмекшілердің жалақысына, құралдарға, керек-жарақтар мен гүлдерді алғашқы тапсырыстар үшін сатып алуға жұмсалды.
Кәсіпкер басынан бастап өзінің luxury сегментте жұмыс жасайтынын анықтады. Оның айтуынша, бәсекелестік нарығында орнығып қалу үшін алдымен клиенттердің тілектеріне назар аударып, сондай-ақ тапсырыстардың мерзімдерін кешіктірмей дәл сақтау көмектесті.
– Мысалы, клиенттер гүлдерді көбінесе мейрамханаларға белгілі бір уақытта немесе үйге түн жарымда жеткізуді сұрайды. Лондонда мұндай қызметтерді алу өте қиын, – деп түсіндіреді Бағдат. – Жұмыстың бірінші жылының қорытындысы бойынша да салық есебінде біз пайданы көрсете алдық, биылғы жылы пайданың 30-35% — ға өсуін күтеміз.
Компаниядағы гүл шоқтарының құны 100 фунттан басталады, сондықтан Бағдаттың клиенттері “жергілікті атақты адамдар, танымал спортшылар, сондай-ақ талғамы жақсы, сапаны және креативтілікті жоғарғы бағалайтын, ортадан жоғары табыс табатындар (upper middle class)”.
– Мұнымен қоса, біз нарықтағы ең жақсы гүлдерді ғана қолданамыз, әрқашан тапсырысты орындайтын күні жаңа гүл сатып аламыз, сондықтан олардың бағасы да төмен болуы мүмкін емес, – дейді сұхбаттасушы.
Гүл шоқтарын сатумен қатар, компания іс-шаралар мен мерекелерді безендірумен де айналысады және Бағдаттың сандықшасында бірнеше қызықты жобалар да жинақталып үлгерді.
– Біз Лондон сарайларындағы өткізілетін ірі әлемдік IT-компаниялар үшін үлкен іс-шараларды ұйымдарстыруға қатысатынымызды мақтан тұтамыз. Мысалы, біз Аддингтон сарайы сияқты ғимараттың іші және айналасындағы зәулім залдарды безендірдік (XVIII ғасырда салынған сарай, бір кездері Англикан шіркеуінің басшылары болған Кентербери архиепископтарының резиденциясы. – F), – дейді іскер әйел. – Біз сондай-ақ сән индустриясындағы компаниялармен жұмыс істейміз, зергерлік брендтерге арналған іс-шараларды, Лондон сән апталығы аясындағы көрсетілімдерді, оның ішінде Орталық Азиядан келген дизайнерлердің көрсетілімдерін рәсімдейміз.

Суретте: Лондонның Гринвич ауданындағы жеке резиденцияда
іс-шараны рәсімдеу
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)

Бағдаттың айтуынша, флористтер үшін, атақты адамдар жиі мүше болатын жабық клубтарға арналған іс-шараларды ұйымдастыру әрқашан өте қызықты.
– Осындай клубтардың бірі – National Liberal Club –Лондонның қақ ортасында Темза жағалауындағы көркем жерде орналасқан. Бұл көптеген әдемі безендірілген залдары бар көне ғимарат. Қабырғалардағы клубтың бұрынғы мүшелерінің портреттерінен сіз ғасырлар бойы өзгермеген клубтың тарихы қаншалықты бай екенін түсінесіз, – дейді Бағдат. – Мұндай клиенттердің сенімі біз үшін үлкен мәртебе, ал клиент біздің жұмысымызға ризашылығын білдіруі біз үшін үлкен бақыт. Мұндай оңды реакциялар менде биге құштарлық оятады!

Суретте: Лондондағы Ұлттық либералдық клубта іс-шараны рәсімдеу
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)

Бағдат Дускинованың тәжірибесіне сүйенсек, британдықтар гүл шоқтарында табиғилықты жақсы көреді, олар көбінесе жабайы гүл түрлерін немесе бақшада өсетіндерді таңдайды.
–Дегенмен, Лондон – бұл өте космополиттік қала – мұнда әлемнің түкпір-түкпірінен келген адамдар тұрады, олардың талғамы мен қалауы да әртүрлі. Мұндай клиенттер үшін біз, мысалы, шығыс стилінде, не араб немесе қытай бояуымен ойлап табылған гүл шоқтарын жасаймыз, – дейді сұхбаттасушы. – Осыған байланысты біз авторлық гүл шоқтарымен жұмыс істегенді ұнатамыз, мысалы, әйгілі фильмдерге негізделгендерімен: Джеймс Бонд стилінде немесе Тим Бертон таспаларының сюжеттерінде жасалған гүл шоқтары.

Суретте: Chelsea Bloom Studio-да жасалған ерекше букет
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)

Бизнесті дамыту жоспарлары туралы айта отырып, Бағдат Дускинова ағылшын тіліндегі “keep going” сөзін еске алады.
– Бұл «қолыңнан келгеніңді істей бер» дегенді білдіреді. Біз жетістікке жеттік деп санаймыз, сондықтан біз өз ісімізді жалғастыруды, өсуді, дамуды, портфолиомызды жаңа модельдермен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Әрі қарай өсудің мүмкіндігі бар – бұл Ұлыбритания ішінде және басқа елдерге гүлдерді жеткізуді ұйымдастыру, – дейді ол.
Жалпы, Лондондағы мамыр – гүлдер айы, оның шарықтау шегі 1912 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Корольдік бау-бақша қоғамының бес күндік Chelsea Flower Show фестивалі болып есептеледі. Бұл фестивальді «ұлы көктем көрмесі» деп те атайды, оған міндетті түрде британдық корольдік отбасы мүшелері қатысады.
Көрме Челси корольдік госпиталінің аумағында өтсе де, бұл күндері бүкіл Лондон гүл композицияларымен, гүлдердің плакаттарымен және басқа да гүл суреттерімен безендіріледі. Бағдат бүгінгі фестивальдің фотосуреттерімен бөлісті.

Суретте: Гүлдермен безендірілген турникеттер.
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)
 Суретте: Челси гүлдер фестивалi кезіндегі метродағы постер
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)
Суретте: Лондондағы Челси гүлдер фестиваліндегі арка
(Бағдат Дускинованың жеке мұрағатынан)

Қазақстандық ғалым британдық истеблишментке қазақтың сән әлемін қалай танытты

Алматылық Алма Фармердің «Silk Road Fashion, London» жобасы Лондон сән апталығының құрамдас бөлігіне айналды

Танымал пианист Әлім Бейсембаев Уигмор холлда концертін берді

Музыканы түсінудегі тереңдігі мен орындаушылық виртуоздығы бірегей, жас әрі өте дарынды пианист Әлім Бейсембаев фортепианода ойнағанда Лондон төріндегі әйгілі Уигмор холл адам жанын тебірентетін әуендерге толды. Сэр Джек Лионс қайырымдылық трасты қолдауымен өткен концертте Бетховен, Скрябин, Рахманинов және Равельдің репертуары Әлімнің ерекше талантын паш етті.

Соңғы жүлделері қатарында «2023-25 ​​жылдардың BBC-дің Жаңа буын әртісі» және 2021 жылғы Лидс халықаралық пианино байқауының Бірінші жүлдесінің иегері марапаттарына ие Әлім Бейсембаев бүкіл әлемді өзінің орындаушылық шеберлігімен баурап алуда. Әсіресе, өткен жазда Роял Альберт Холлдағы BBC Proms-та оның Рахманиновтың №2 концертін орындауы ерекше бағаланды. «The Guardian» сыншылары оны «нағыз музыкалық тұлға» және «лайықты жеңімпаз» деп сипаттады.

Бейсембаевтың ағымдағы концерттік маусымында BBC филармониясы және Борнмут симфониялық оркестрімен дебюттері оның классикалық музыка әлеміндегі өсіп келе жатқан беделін көрсетеді. Кешегі Уигмор Холлдағы концерт Әлімнің Труродағы BBC Proms және Варшавадағы Шопен институтындағы әсерлі қойылымдары тізімін толықтырды.

2022 жылы желтоқсанда Warner Classics басып шығарған Листтің Transcendental Études шығармалары бар Бейсембаевтың дебюттік альбомы сыншылардың жоғары бағасына ие болды. Лондонда тұратын Әлімнің өнер жолы әлемдегі классикалық пианистердің барлығын шабыттандырады.

Ұлыбританиядағы Қазақ Қауымдастығы атынан біз Әлімнің өнеріне деген  ерекше сүйіспеншілігімізді білдіргіміз келеді. Оның ерекше таланты мен орындаушылық шеберлігі Қазақстанның бай мәдени рухын дүниежүзіне паш етеді. Оның әрбір жетістігі біздің бәріміз үшін мақтаныш болып табылады.

Әлім Бейсембаев және оның алдағы концерттері туралы толығырақ ақпаратты оның жеке сайтынан таба аласыз:

Алматының концерт залдарынан бастап Еуропаның және одан тыс жерлердің беделді сахналарына дейін Дина Дүйсеннің әуезді саяхаты туралы оқыңыз.

«Фортепиано ханшайымы» деген атпен танымал қазақстандық-британдық пианист Дина Дуйсеннің шабыттандыратын тарихына үңіліңіз.

Ү.ж. 9 қарашада Лондонда қазақстандық жас жазушы Айялим Аляска Төкен Тегінің «Жазғы мұң сонеттері» атты алғашқы кітабының тұсаукесері өтті.

Жалғастыру

Кеште 18 жастағы Айялим басылып жарық көрген тұнғыш кітабын жиналған қонақтарға қуана таныстырды.
«Жазғы мұң сонеттері» — Оксфордтың көп ғасырлық кітапханаларының бірінде өрбитін әсерлі роман. Басты кейіпкер — бойжеткен Аляска Гринвуд өткен өмірінде басынан кешкен ауыр оқиғалардан кейін өзін қайта іздеу сапарына аттанып, Оксфордтың жазғы курсына жазылады, сол жерде әдебиетке оянған сүйіспеншілігінен өзіне жұбаныш табады. Дәл осы жерде ол тыйым салынған тілектерді, интеллектуалдық ізденістерді және өзін-өзі қабылдауға деген тынымсыз ізденістерді оятатын Теодор есімді жұмбақ студентті кездестіреді.
Бұл сұр академиялық ертегі адам эмоцияларының күрделілігін терең зерттеп, әңгімені әсерлі де, жүректі тебірентетін етіп баяндайды. Аляска мен Теодор арасындағы мас ғашықтық пен құмарлық тасыған шағында, олар қарым-қатынастың тез арада ажырап кетуіне қауіп төндіретін ауыр шындыққа тап болады. Кітап өмірде аяқталмаған баяндаулардың болмай қоймайтыны туралы ой салып, оқырмандарды таң қалдыруға уәде береді.
Айялимнің кітабы жай роман емес; бұл жастық шақтағы сағыныш пен жаңадан бой көтерген адамның өзін-өзі танудағы азапты ізденістің мәнін бейнелейтін тәжірибе. Аялымның өзінің прозасы арқылы терең, жиі айтыла бермейтін эмоцияларды жеткізе білуі оның тамаша жазушылық талантының айғағы.
Кітап ағылшын тілінде жарық көріп, қазіргі кезде Amazon сайтында сатылымда. Қағаз және Kindle басылымында қол жетімді бұл кітап сыншылардың жоғары бағасына ие болуда.

Хабарлама

Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз

Создано на WordPress.com