

Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі,
ырысы төгілмес тірліктің мерекесі.
Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы барлығыңызға құт — береке әкелсін!
Әрбір жаңа күн әр шаңыраққа шат көңіл, бақыт және береке сыйласын! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
2024 жылдың 14 наурызында Лондонда әйгілі Бековалар триосының мүшелері Альфия және Элеонора Бековалардың концерті өтті. Шам жарығында өткен классикалық музыка кешінде виолончель мен фортепианода ойнаған апалы-сіңлі тыңдаушыларды өздерінің эмоционалды тереңдігі мен музыкалық ойнау шеберлігімен тағы да тәнті етті. Кеште олар Дебюсси, Бриттен, Габриэлли және Изаи композиторларының шығармаларын орындады. Жаңару және бірлік мерекесі — қазақтың Амал мерекесі күні өткен бұл шара Қазақстанның бай музыкалық мұрасын паш етіп, концертке келген қауымға рухани ләззат сыйлады. Бековаларды мақтан тұтып концертке келген қазақ қауымдастығының мүшелері де өздерінің дарынды отандастарын қолдау үшін жиналып, қошаметтерін көрсетті.



Қазақ поэзиясының символына айналған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың бүгінгі 9 ақпандағы туған күніне және 21 ақпандағы Халықаралық Ана тілі күніне орай, Лондондықтардың оқылымында «Үш бақытым» өлеңін тыңдауға шақырамыз!
Британ-Қазақ Қауымдастығы (БКС) Ұлыбритания Праламентінде жыл сайынғы мерекелік кешкілік ас берді

Ү.ж. 25 қаңтарда Лондонда Ұлыбритания Парламентінің Лордтар палатасында Британ-Қазақ Қауымдастығының ұйымдастыруымен Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы қарым-қатынастардың нығаюындағы тағы бір маңызды кезеңді атап өтуге арналған жыл сайынғы жаңа жылдық кешкі ас берілді.
Кеште екі елдің елшілері: Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Мағжан Ілиясов және Ұлыбританияның Қазақстандағы Елшісі Кэти Лич сөз сөйледі. Іс-шараға Ұлыбритания Премьер-министрінің Қазақстандағы сауда өкілі Уинтерборндық баронесса
Эмма Николсон; Британ-Қазақ қауымдастығы Төрағасының Консультативтік тобының мүшесі Хиверлік Лорд Астор, Лорд Бреннан KC; FFP директоры Ғани Бекенов; Қазақстан бойынша жалпы парламенттік топтың төрағасы Боб Стюарт және т.б. қатысты.
Салтанатты кеште Елші М.Ілиясов Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы екіжақты қарым-қатынастарды ілгерілету жолында атқарып отырған табысты қызметі үшін Британ-Қазақ Қауымдастығының төрағасы Р.Гудманға жақында жарық көрген Оксфорд Qazaq сөздігінің алғашқы басылымын табыс етті.
Сонымен қатар, кеште BETT халықаралық білім көрмесіне қазақстандық делегацияны басқарып Лондонға ісспарамен келген Қазақстанның Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек те сөз сөйледі. Ол екі ел арасындағы білім саласындағы екіжақты жетістіктер туралы шабыттандыратын сөз сөйлеп, осы маңызды саладағы болашақ ынтымақтастық әлеуеті туралы айтып берді.
Ұлыбританияда Қазақстанның мүдделерін ілгерілетудегі үздіксіз күш-жігері үшін Британ-Қазақ қауымдастығының рөлі жоғары бағаланды. Өткен шара ортақ жетістіктер мен мақсаттардың мерекесі ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы мызғымас достық пен ынтымақтастықтың айғағы болды.











Этникалық спорт түрлері бойынша өтетін бұл халықаралық жарысқа 100-ден астам мемлекеттен 4000-ға жуық спортшы қатысады деп күтіледі.
Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарының алғашқы үш жарысы Қырғыз елінің Шолпан Ата қаласында 2014, 2016 және 2018 жылдары өткізілсе, төртіншісі 2022 жылы Түркияның Изник қаласында ұйымдастырылды.
Нақты 20 спорт түрі бекітілген, оның 10-ы түркі халықтарына ортақ ресми бекітілген ойындар. Өзгесі өзара ұқсас ұлттық ойындар мен әр елдің өзінде ғана бар спорт түрі. Мысалы, күрестің бес түрі бар. Қазақ күресі, өзбектің кураш күресі, қырғыздың алышы, түріктің Аба күресі, корейдің ұлттық күресі бар. Интеллектуалды ойындардан: тоғызқұмалақ, түріктің мангаласы, сондай-ақ кейбір Африка елдерінде, Таяу Шығыс және Кариб теңізі аймақтарында кеңінен танымал оваре ойынынан спортшылар сынға түседі.
Алдыңғы ойындардағыдай, 2024 жылы Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының билеттері де көрермендер үшін тегін болады. Алайда ашылу және жабылу салтанатына билет қажет болады.
Жарыстар «Астана Арена», «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өткізіледі.
Сонымен бірге, «Қазанат» ипподромы маңында 10 гектарға созылған «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады. Онда әрбір келуші қазақ халқының және өзге де қатысушы елдердің төл мәдениетімен, салт-дәстүрімен терең таныса алады.
Әр өңір өз киіз үйін тігіп, аймақтың мәдени және туристік ерекшеліктерін кеңінен таныстырады. Ашық аспан астында Көшпелілер өркениетінің мұражайы, Қолөнершілер қаласы орналасады, «Neo nomads Fest» атты урбанистика фестивалі, ұлттық тағамдар фестивалі, спорттық сайыстар, айтыс және басқа да шаралар ұйымдастырылады.

60 мың сөзді қамтитын, жалпы көлемі 1300 беттік қазақша-ағылшынша және ағылшынша-қазақша OXFORD сөздігінің тұңғыш басылымы жарық көрді.
Сөздікті әзірлеуде Oxford English Dictionary сөздігін құрастыру әдістемесі мен технологиясы негізге алынды. Сөздік құрастыру жұмысы төрт жыл жүріп, оған 50-ден аса тәжірибелі тіл мамандары атсалысты. Сөздік құрастыру аясында қазақ және ағылшын тілі лексикасындағы өзгерістер, әсіресе, қазіргі мәдениет, ақпараттық технологиялар, медицина, экономика, қаржы мен сауда саласындағы жаңалықтар ескерілген. Сондай-ақ, сөздікте ағылшын және қазақ тілдерінің грамматикасы мен дыбыстау, емле ережелері түсіндірілетін қысқаша нұсқаулықтар, қазақ тіліндегі іскерлік және электронды хат-хабар жазу үлгілері беріледі.
Сөздік негізінде қазақ тілі Oxford Global Languages платформасына қосылады. Oxford Qazaq Dictionary қазақ тілін әлемдегі ең танымал әрі ең беделді сөздіктер желісімен байланыстырып, ғаламдық лингвистикалық ортаға қосылуға мүмкіндік береді.
Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Создано на WordPress.com