
Біріккен Корольдіктегі қазақстандық мәдениеттің, білімнің және қауымдастықтың белсенді орталығы болып табылатын Ұлыбританиядағы Қазақ орталығына қош келдіңіз. Біздің орталық Ұлыбритания жұртшылығы арасында Қазақстанның бай мұрасы туралы білімді кеңейтіп, eліміздің қол жеткізген заманауи жетістіктерін бағалауды арттыруға бағытталған платформа әрі жергілікті қазақстандық қауымның қауышып, бас қосар ортасы ретінде қызмет етеді.
Біздің миссиямыз Қазақстан мен Ұлыбритания арасында орнатылған көпірдің негізін нығайта отырып, мәдени достық қарым-қатынасты тереңдету. Мәдени іс-шаралар, білім беру бағдарламалары және қоғамдастыққа ықпал ету бастамалары арқылы біз қазақ дәстүрлерін; әдет-ғұрыптарын; бай көркем тілін; екпінді тарихын кеңірек аудиториямен бөлісуді мақсат етеміз. Біз мәдени өзараалмасудың адамдарды шабыттандыратын, тәрбиелейтін және біріктіретін күшіне кәміл сенеміз.
Ұлыбританиядағы Қазақ орталығы кең ауқымды, мағыналы әрі мазмұндық іс-шараларды ұйымдастыратын белсенді қызмет орталығы болып табылады:
Біздің командамызда қазақ мәдениетінің мәртебесін көтеруге, қазыналы мұрасын насихаттауға құштар кәсіби мамандар мен волонтерлар бар. Біз қазақ мәдениетінің сан қырлы жақтарын тануға, Қазақстанды тануға қызығушылық білдіретін әрбір адам үшін жылы шырайлы және инклюзивті орта құру үшін аянбай жұмыс істейміз.

Исмаил Зейнелұлы Кесіжі
Құрметті Төраға
Исмаил Кесіжі Түркияның Алтай Қой қаласында 1962 жылы дүниеге келген қазақ. Тракья университетінің электрондық инженерия мамандығын тәмамдаған ол бастапқыда Sony-Audio-Video және Gunes газетінде жұмыс істеді. Ол 1986 жылы Лондонға көшіп, тоқыма және былғары жасау кәсібімен айналыса бастап, 1991 жылы Лондонда алғашқы қазақ сауда палатасының негізін құруға көмектеседі. 1992 жылдан 2000 жылға дейін ол Қазақстан мен Еуропаны байланыстыратын бірқатар маңызды кәсіпкерлік шараларды ұйымдастырды. 2000 жылы ол қазақ қауымдастығы мен еуропалық мәдени ұйымдар арасындағы байланысты нығайта отырып, Ұлыбританиядағы Қазақ Қауымдастығын құрып, оны басқарды. Оның басшылығы астында қауымдастық Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігімен тығыз байланыста жұмыс істеп, Еуропадағы қазақтардың көптеген мәдени және экономикалық маңызды шараларын ұйымдастырды. Кейіннен ол Еуропадағы қазақ қауымдастықтарының басын біріктіру үшін Еуропа қазақтары қауымдастығы федерациясын құрды. Ол сондай-ақ Лондонда өткен Қазақ Құрылтайы және 2016 жылы Қазақ мемлекеттілігінің 500 жылдығын тойлауға арналған Жастар конференциясы сияқты маңызды шараларды басқарды.

Кәмшат Кеңшілікқызы Күмісбай
Директор
Кәмшат Күмісбай — 15 жылдан астам дипломатиялық қызметте тәжірибе жинақатаған білікті маман. Қазақ тілі мен мәдениеттің – ұлттық руханиятымыздың жанашыры. Қазіргі уақытта бала күтіміне байланысты демалыста отырғанына қарамастан, Орталықтың құрылуы мен өсуіне белсенді түрде атсалысуда.
Кәмшат ең соңғы қызметінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінде бірінші хатшы ретінде экономикалық мәселелермен айналысты. Ол Қазақстанға инвестиция тартуда, Лондондағы маңызды экономикалық және инвестициялық форумдарды ұйымдастыруда және қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің сан алуан қырларын танытатын бірқатар мәдени іс-шараларды ұйымдастыруда маңызды рөл атқарды.
Кәмшат Күмісбай дипломатия саласында қызмет ете жүріп, тараптар арасындағы екіжақты байланыстың жоғары деңгейде қалыптасуына еңбек сіңірді. Қазақстанның әрі Ұлыбританияның іскерлік, үкіметтік және өнер топтары арасындағы кең желілерді дамытты. Қазақ Орталығындағы қызметінде де ол екі ел арасындағы ынтымақтастық пен мәдениетаралық қарым-қатынасты дамытуға үлесін қосып отыр.

Әлия Қанатбекқызы
Қазақша сөйлеу клубының басшысы
Қазақстанда туып өскен Әлия Қанатбекқызы 2000 жылдан бері Лондонда тұрады. Ұзақ жылдар бойы Әлия туған елі мен тұрған жерінің арасын жақындатуға құштар болып келеді. Қазақстан елі мен Ұлыбританияға сүйіспеншілігі бірдей Әлия, осы екі ел арасындағы достық пен қарым — қатынасты нығайтуға ұмтылуда.
Әлияның профессионалдық жолы әртүрлі саланы қамтиды. Оның ішінде білім беру, IT, бизнес, менеджмент салаларында жұмыс жасаған. Әлияның Халықаралық Бизнес Басқару және Маркетинг Магистр дәрежесі бар. Қазіргі кезде, ол өз тәжірибесін стартаптарды қолдауға, әсіресе технология, қоршаған ортаны қорғау аясында жасалып жатқан жобаларға арнап, періштелік инвестор ретінде көмек көрсетуде.
Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейтін, және Қазақстан, Ұлыбритания және Индия елдерінде тұрған Әлияның тәжірибесі мен қабілеті түрлі ұлттар мен мәдениет иелерімен тіл табысуға, олардың ынтымақтастығын арттыруға жол ашады. Тұрмыс құрып, үш бала тәрбиелеп өсірген ол өзінің кәсіби ізденістерін отбасылық міндеттемелермен үйлестіре отырып, өмірінің барлық жағынан төзімділік пен табандылық танытуға тырысады.
Ұлыбританиядағы қазақ диаспорасының мүшесі, Ұлыбританияда уақытша тұратын қазақ студенті әлде Қазақстан жайлы көбірек білгісі келетіндер қатарында болсаңыз, біз сізді шараларымызға келіп қатысуға шақырамыз. Алдағы іс-шараларымыз бен бастамаларымыз туралы көбірек білу үшін бізбен байланыста болыңыз.
Жаңалықтарыңыз болса немесе бізбен байланысқа
шыққыңыз келсе
Хабарлама
Ақпарат алып отыру үшін жазылыңыз
Создано на WordPress.com